16-18 ақпан аралығында Жаһандық экологиялық қордың (ЖЭҚ) Бас директоры және Төрағасы Карлос Мануэль Родригес Қазақстанға ресми сапармен келді.
Сапар барысында Карлос Мануэль Родригес Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) Қазақстандағы Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниамен, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Президенттің халықаралық экологиялық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі Зүлфия Сүлейменовамен және ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевпен кездесті.
Фото: Айнұр Халиолла/ Қазақстандағы БҰҰДБ
Тараптар ЖЭҚ қаржылық қолдауымен жүзеге асырылып жатқан биоалуандылықты және экожүйелерді сақтау, тұрақты энергетика және климаттың өзгеруі саласындағы БҰҰДБ бастамалары аясындағы стратегиялық серіктестік аспектілерін талқылады. Сондай-ақ кездесуде осы салалардағы жиырма жылдық жұмыс ішінде қол жеткізген нәтижелер де ұсынылды.
Фото: Айнұр Халиолла / Қазақстандағы БҰҰДБ
Келіссөздерге қатысушылар Қазақстанның ерекше қорғалатын табиғи аумақтар желісін (ЕҚТА) дамытудағы, орман ауданын кеңейтудегі, қоршаған ортаны қорғау шараларын енгізудегі, экологиялық туризмді дамытудағы, сондай-ақ ауылдағы кәсіпкерлікті ілгері бастыруға бағытталған бастамаларды қолға алудағы жетістіктерін атап өтті. Карлос Мануэль Родригес ЖЭҚ-тың Қазақстанның табиғи ресурстарын сақтау мен орнықты пайдалануға септесетін бастамаларына әрі қарай қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Өз кезегінде Катаржина Вавьерниа БҰҰДБ ұлттық серіктестермен тығыз байланыста жұмыс істейтінін, елде ЖЭҚ миссиясының катализаторы және орындаушысы ретінде әрекет ететінін атап өтті.
Сапар аясында ЖЭҚ Бас директоры сонымен бірге Қазақстандағы БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) бағдарламаларын үйлестірушісі Жаңыл Базаевамен, Дүниежүзілік банк өкілдері Дмитрий Петринмен және Татьяна Теомен, Еуропалық даму банкінің өкілі Бахтиёр Файзиевпен, сонымен қатар Орталық Азия бойынша Қосалқы аймақтық ЮНЕП басшысы Айдай Құрамановамен кездесті.
Фото: Айнұр Халиолла / Қазақстандағы БҰҰДБ
«Орталық Азия елдері, әсіресе Қазақстан, ЖЭҚ миссиясының мандатын орындауда шешуші рөл атқарады. Осындай ірі мемлекеттерсіз және олардың бірегей табиғи экожүйелерінсіз ЖЭҚ өз міндеттерін ойдағыдай атқара алмас еді. Қазіргі уақытта осы елдердің күш-жігерінің арқасында біз табиғи аумақтарды қорғауда, жабайы флора мен фаунаны қорғауда, жергілікті қауымдастықтарды қолдауда және экотуризмді дамытуда айтарлықтай жетістіктерге жетіп отырмыз. Жердің тозуымен күресу, көлдер мен ормандарды қалпына келтіру бастамалары да ауыл өмірін жақсартуда тиімділігін көрсетті. Біз Қазақстан Үкіметіне, ЖЭҚ және БҰҰ Даму бағдарламасымен ынтымақтастық шеңберінде осы жобаларға үлес қосып жатқандардың бәріне экологиялық мақсаттарға қол жеткізуде атқарып жатқан маңызды рөлі үшін алғыс айтамыз. Жаһандық экологиялық дағдарысты ескере отырып, біз тиімділігін арттыру үшін бұрынғыдан да тығыз ынтымақтастыққа ұмтыламыз», – деп ерекше атап өтті Родригес.
Фото: Айнұр Халиолла / Қазақстандағы БҰҰДБ
«ЖЭҚ қаржылық қолдауымен БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстан Үкіметімен көпжылдық ынтымақтастығы биоалуандылықты сақтау, жаңартылатын энергия көздерін дамыту, гендерлік теңдікті ілгерілету және жергілікті қауымдастықтардың мүмкіндіктерін кеңейту саласында экономикалық және әлеуметтік әл-ауқаттың негізгі факторы ретінде Орнықты даму мақсаттарына (ОДМ) жетуге елеулі үлес қосып жатыр», – деді Катаржина Вавьерниа.
Фото: Айнұр Халиолла / Қазақстандағы БҰҰДБ
Осы кездесулер барысында шөлейттенумен және климаттың өзгеруінің салдарымен күресудің шешуші маңызы бар элементі ретінде қарастырылатын Қазақстан ормандарын қалпына келтірудің нақты қадамдары жайлы айтылды. ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, соңғы 10 жылда Қазақстанда орман қорының ауданы 7,6%-ға ұлғайып, бүгінде 30,9 млн га құрайды.
Ол Қазақстанның БҰҰ-ның экожүйелерді қалпына келтіру жөніндегі бастамасы аясында осы оң үрдісті жалғастыруға ниетті екенін ерекше атап өтті. Осы қарқынды жұмыстың басты элементтерінің бірі ЖЭҚ қаржыландыратын Қызыл кітапқа енген ағаш өсімдіктерін, оның ішінде реликт тораңғы ағашын қолдан өсіру бағдарламасы болды.
Сапары аясында ЖЭҚ басшысы Шарын, «Көлсай көлдері» ұлттық парктері сияқты ерекше қорғалатын аумақтарды да аралады. Сол жерде оған БҰҰДБ-ЖЭҚ жобасының қолдауымен 2020 жылы іске асырылған Экотуризмді дамыту стратегиясы шеңберінде Алматы облысының әкімдігі жасаған жаңартылған туристік маршрут ұсынылды.
ЖЭҚ басшысы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Зоология институтының өкілдерімен де кездесті. Ғалымдар Қызыл кітапқа енген сирек кездесетін жануарлардың түрлерін зерттеу нәтижелерімен таныстырды. Талқылаудың өз алдына бөлек тақырыбы биологиялық алуандылықты зерттеу және сақтау үшін технологияларды пайдалану болды. Карлос Мануэль Родригес Қазақстанның осы мәселедегі жетістіктерін атап өтті.
Мәселен, спутниктік телеметрияны қолданудың арқасында қазақстандық зоологтар қар барысын зерттеуде айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Ал 10 ерекше қорғалатын табиғи аумақта және орман шаруашылығында қолданылатын SMART жүйесі жабайы табиғатқа сапалы мониторинг жүргізуге, браконьерлікпен және өртпен тиімді күресуге мүмкіндік берді.
Фото: Айнұр Халиолла / Қазақстандағы БҰҰДБ
Сондай-ақ Родригес сапары барысында Алматы облысындағы Шелек ауылында да ат басын бұрып, онда ЖЭҚ жобасы және Шағын гранттар бағдарламасы (ШГБ) аясында орнатылған жылыжайларды аралады. Аталмыш жылыжайлар жергілікті тұрғындарға экологиялық мәселелерді шешуде қолдау көрсету мақсатында 16 фермада орнатылған болатын.
Сол ауылда ол ЖЭҚ Шағын гранттар бағдарламасына қатысатын Еңбекшіқазақ ауданының Жергілікті қауымдастық қорының өкілдерімен кездесті. Талқылау ауыл шаруашылығының озық тәжірибелерін енгізу арқылы жергілікті халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жобаларды жүзеге асыруға қатысты болды.
Фото: Айнұр Халиолла / Қазақстандағы БҰҰДБ
Айта кетейік, ЖЭҚ-тің негізгі мақсаты дамушы елдерге биоалуандылықтың жоғалуымен, климаттың өзгеруімен, жерүсті және теңіз экожүйелерінің ластануымен және оларға қысым көрсетумен күресуде қолдау көрсету болып табылады. Бүгінгі таңда Қазақстанда ЖЭҚ қаржылық қолдауымен тоғыз бастама, оның ішінде БҰҰДБ-ЖЭҚ Шағын гранттар бағдарламасы (ШГБ) жүзеге асырылды.
Жалпы соңғы 20 жылда ЖЭҚ Қазақстанда жалпы сомасы 137,3 миллион АҚШ долларынан асатын 40-тан астам өңірлік және ұлттық жобаға қолдау көрсетті. Аталмыш жобалар биоалуандылық пен экожүйелерді сақтауға, климаттың өзгеруімен және жердің тозуымен күресуге, энергия тиімділігін арттыруға және жаңартылмалы энергия көздерін дамытуға елеулі үлес қосты.
Фото: Айнұр Халиолла / Қазақстандағы БҰҰДБ